Бағдарламалар

Электротехника және компьютерлік инженерия магистрі дәрежесі берілетін жаңа екі жылдық бағдарлама – трансверсальдық сипаттағы зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған, жартыжылдық бағдарламаның жетілдірілген нұсқасы.

Бұл бағдарлама да Назарбаев Университетінің (НУ) Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі (ИЦҒМ) ұсынатын, дәреже берілетін, мамандандырылған бағдарлама болып табылады. Студенттерге 4 семестрде 120 ECTS кредиттерді орындау қажет, бұл ғылым магистрі дәрежесін алу үшін Болон процесі мен Еуропалық кредиттерді аудару және жинақтау жүйесінің (ECTS) талаптарына сай келеді. Бағдарлама Қазақстанда және шетелде академиялық, өнеркәсіп немесе зерттеу салаларында жұмыс істейтін адамдар үшін магистратура деңгейінде жетілдірілген дағдыларды үйретуге және терең білім беруге бағытталған.

Электротехника және компьютерлік инженерия саласындағы магистратура бағдарламасы электротехника мен компьютерлік инженерияның 2 (екі) негізгі саласындағы инженерлер үшін жан-жақты технологиялық және ғылыми дайындықты жүзеге асырады: (a) электротехникалық инженерия; және (b) компьютерлік инженерия.

Электротехника және компьютерлік инженерия саласындағы магистратура бағдарламасының мақсаты: 

  • инженерлерді тиімді шешімдер қабылдау мақсатында деректер мен ресурстарды талдауға, сондай-ақ ұйымның пәнаралық топтарының функцияларын орындауға немесе жетекшілік етуге үйрету;
  • түлектерді ғалым ретінде даярлауға немесе заманға сай өнеркәсіпте басқарудың орта деңгейіндегі өздерінің болашақ инженерлік міндеттерін орындауда табысқа жетуге бағытталған ғылыми зерттеулерді тиімді ұйымдастыруды, жоспарлау мен дамытуды жүзеге асыруға даярлау;
  • ең жоғары және қатаң түрдегі кәсіптік және этикалық стандарттарды сақтаумен пәннің әрбір саласында тұрақтылық, қауіпсіздік және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын іске асыруды ескере отырып, инженерлерді шығыстарды бағалауға және негізгі техникалық баға беруге даярлау; және
  • заманауи технологиялық тауарларды өткізуге және қызметтерді көрсетуге бағытталған стартаптарды құруға атсалысып, Қазақстанның экономикалық өсуіне ықпал ету үшін электротехника және компьютерлік инженерия саласында инженерлердің жаңа буынын қалыптастыру.

Бағдарлама бойынша оқу нәтижелері

Бағдарламаны сәтті аяқтағанда түлектер:

  • электротехника және компьютерлік инженерия саласында таңдап алынған жаңа идеяларын жобалайды, талқылайды және ұсынады;
  • электротехника және компьютерлік инженерия саласындағы алға қойылатын міндеттерді айқындайды, бағалайды және таңдайды, сондай-ақ осындай міндеттерді шешу үшін математика және ғылым бойынша білімдерін пайдаланады;
  • электротехника және компьютерлік инженерия саласындағы факультативтік пәндер бойынша білімдерді, технологияларды немесе техникаларды белгілейді, түсіндіреді және тестіден өткізеді;
  • курстық жобалар мен жеке магистрлік дипломдық жұмыстар арқылы жазбаша түрде жаңа идеяларды ұсынады, жасайды және талқылайды.